2022 жылдың 7 қарашасында «Жалтыр ауылының №3 жалпы орта білім беретін мектебі» КММ аясында «Ақмола облысы білім басқармасының» әдіскері Дударева Марина Александровнаның қатысуымен IQanat республикалық олимпиадасының аудандық турының ашылу салтанаты өтті. Олимпиада басталар алдында мектеп оқушыларымен мотивациялық әңгімелесу өткізілді. Спикерлер: IQHSB экология жобаларының үйлестірушісі – Болатов Қуат және IQANAT HIGH SCHOOL OF BURABAI мектебінің 11 сынып оқушысы Темербулатова Фариза. Олимпиаданың аудандық кезеңінің бірінші кезеңіне облыстың екі ауданынан 8-сыныптың 160 оқушысы қатысты: Астрахан ауданынан–131 оқушы және Егіндікөл ауданынан–29 оқушы. Бұл олимпиада білім деңгейі жоғары балаларды анықтауға және оқушыларға Қазақстан мен шетелдің жоғары оқу орындарында грант иегері болуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, жеңімпаздар республиканың үздік оқытушыларымен ҰБТ және IELTS тестілері бойынша екі жыл бойы тегін қашықтықтан дайындала алады. IQanat қоры барлық өңірлердегі ауыл оқушылары мен мұғалімдерін қолдауға бағытталған әлеуметтік-білім беру жобалары мен бағдарламаларын іске асырады.